Астанада жас сайлаушылар алғаш рет дауыс берді

19 Наурыз 2023, 07:10 1108

Бүгін – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Еліміздегі  сайлау учаскелері таңертеңнен жұмысқа кірісіп кетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Біз Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға сайлау учаскесіне келдік.

№139 сайлау учаскесіне 2674 сайлаушы тіркелген. Бір адам үйден дауыс береді. Ең үлкен сайлаушының жасы – 86-да. Алғаш рет сайлауға қатысатын 18 жастағы сайлаушылардың саны – 8.

Сайлау комиссиясының төрайымы Альмира Мұратбекова сайлау алдында тексеріс жұмысын жүргізді.

Сейфтен бюллетеньдер шығарылып, саналды. Комиссия мүшелеріне 2647 бюллетень бір пайызға көбейтіліп, 2674 болып таратылды. 

№139 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдауға дайын. Сайлауға бірінші болып келгендерге беретін арнайы сыйлықтарымыз бар, - деді Альмира Кеңесқызы.

Сағат 07:00-де сайлау учаскесі ашылды. Алғашқы сайлаушылар келіп, өз дауысын берді. 

Ең бірінші болып дауыс берген сайлаушы Қаныш Әміреев сайлаудың еліміз үшін маңызды екенін айтты.

Еліміздің өркендеуі үшін сайлауға міндетті түрде қатысуымыз керек. Ол әрбір қазақстандықтың парызы деп білемін. Алдағы уақытта сайланатын депутаттар еліне аянбай қызмет етеді деген үміттеміз, - деді ол.

Алғаш болып дауыс берген сайлаушыға сыйлық берілді.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін жалғасады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: