Астанада жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болды

21 Қазан, 13:22 370

Республика күні қарсаңында елордадағы Байқоңыр ауданында 3 қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің мәліметінше, қоғамдық кеңістіктердің бірі С.Торайғыров көшесі, 2-үйіне іргелес аумақта, ⁠екіншісі С.Рахимов – Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысында, үшіншісі ⁠Ж.Тәшенев тұйық көшесі мен Ж.Тәшенев көшесінің қиылысында орналасқан.

Торайғыров көшесінде жайластырылған гүлзардың орнында бұрын тозығы жеткен үйлер, қираған ғимараттар болған. Бүгінде ескі үйлер сүріліп, орнына тұрғындар жайлылығы үшін жаңа гүлзар пайдалануға берілді.

Қала әкімдігі тұрғындардың ыңғайлылығы мен жайлылығы үшін футбол алаңы, workout-аймақ, беседкалар мен урналар, сондай-ақ сәндік демалыс аймағы жабдықталған. Қосымша үлкен автотұрақ орнатылғанын алға тартты. Сонымен қатар жарықтандыру тіректері орнатылып, көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

С.Рахимов – Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы гүлзар бұған дейін тозығы жеткен кеңістіктдің бірі болса, бүгінде аталған алаңда 4000-нан аса ағаш пен бұталар отырғызылып, жасыл желекті гүлзарға айналды. Ал Ж.Тәшенев көшесінде орын тепкен келесі гүлзарда кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңартылды. Осылайша, елорданың Байқоңыр ауданында елордалықтарға ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында 3 гүлзар тарту етілді, - делінген мәліметте.

Мәселен, биыл «Байқоңыр» ауданында барлығы 132 аула аумағын абаттандыру жоспарланған. Оның 60-ы кешенді абаттандыру болса, 72-сі жөндеу қалпына келтіру жұмыстары. Сондай-ақ 22 аула аумағы – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, 7 қоғамдық кеңістік, 4 гүлзар бой көтерді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Астанада барлығы 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Жұмыстармен қаланың барлық аудандары, соның ішінде тұрғын алаптары қамтылған. Жұмыстың көп бөлігі аяқталды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: