Астанада зейнеткерлерге қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі

16 Ақпан 2023, 14:18 1390

Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты мәлім етті

Елордада қарт кісілердің әл-ауқаты мен қолдауына ерекше назар аударылады. Зейнеткерлер қандай көмекке сенім арта алады? Онлайн-брифингте қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова осы мәселе туралы айтып берд, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Елордада жасына байланысты зейнеткерлер жылына бір рет жеңілдетілген бағада санаторий-курорттық ем-домды Катаркөл көлінің жағасындағы Щучинск-Бурабай курорттық аймағында – қарттарға, мүгедектер мен балаларға арналған оңалту орталығында ала алады. Соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға жолдама тегін беріледі.

Сондай-ақ қарттар күніне (1 қазан) 2,5 АЕК мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем көзделген.

Қажет болған жағдайда зейнеткерлерге қатты отын сатып алу бойынша әлеуметтік көмек бөлінуі мүмкін. Оны жасы бойынша зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызды аурулары бар адамдар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік иелері (жалдаушылары) не мүшелері саналатын балалар үйінің түлектері ала алады. Меншік иесінің (жалдаушының) отбасы, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үй болмаған және жан басына шаққандағы орташа табысы төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын болса, жылыту маусымына 16 АЕК мөлшерінде көмек беріледі.

Сонымен қатар зейнеткерлерге газ қазандығын орнату бойынша шығындары өтелуі мүмкін.

Сондай-ақ, тізімде өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға дәрі-дәрмек сатып алуға және ақылы медициналық қызметтерді қаржылай түрде алуға жылына 1 рет 13 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек бар.

«Астана қаласы бойынша тіс протездеу және ауыз қуысын протезге дейінгі санациялау қызметтеріне биыл 3000 орын бөлінді. Қазіргі уақытта тіс протездеу және санация қызметтерін ұсынуға мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланды, содан кейін тендер өткізіледі, нәтижесінде қызмет көрсетушімен (стоматологиямен) шарт жасалады. Бұдан әрі БАҚ арқылы қала тұрғындарына тіс протездеуге жазылудың мерзімі мен орны туралы хабарланады, ол екі жылда бір рет беріледі. Тіс протездеуге үміткерлерді тіркеуге сәйкес қызмет жыл бойы көрсетіледі», - деп түсіндірді Айгүл Таласова.

Сонымен қатар зейнеткерлер қалалық жолаушылар көлігінің қызметін тегін пайдалана алады.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдеріне қолдау мен көмек көрсетіледі.

EL.KZ
Бөлісу: