АСТАНАДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТЕР МЕН МЕДИАТОРЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

21 Қараша 2018, 04:31 3136

Қазақстан халқы Ассамблеясы этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» және медиация саласындағы «Үздік медиатор» байқауларының қорытындысын шығарды.

Astanaдағы Music Hall-да «Шаңырақ» этножурналистика шығармашылық байқауының республикалық кезеңінің жеңімпаздары, сондай-ақ елдегі үздік медиатор мен медиация кабинеті анықталып, жеңімпаздар марапатталды.

Ағымдағы жылы байқау жұмыстарында мемлекеттік рәміздер мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға, мемлекеттік тілді, Қазақстан этностарының мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға арналған тақырыптар көрініс тапты. Сондай-ақ этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған және этномәдени бірлестіктердің қызметін насихаттайтын материалдар қаралды.

Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары — Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко құттықтау сөз сөйледі.

Ол аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында дәстүрлі түрде өткізіліп отыратынын атап өтті.

«Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы құрылған күнінен бастап өтіп жатқан Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының арқасында біз сіздермен тыныштықта, қауіпсіздікте өмір сүреміз. Қазақ философиясындағы «Шаңырақ» тақырыбы біраз дүниені қамтиды. Бұл әлем жылы да жайлы орта – бізді бір халық етіп біріктіріп, бірлігі жарасқан ел етеді. Этножурналистика байқауы «Шаңырақ» деп аталуы тегін емес. Биыл БАҚ-та 8669 материал жарияланды. Бұл біздің ақпараттық ортаны қалыптастырып, санамыз бен ділімізді өзгертетін үлкен ақпараттық ағын. Қазақстандық этножурналистика нығайып келе жатқаны өте маңызды», – дей келе, Леонид Прокопенко еліміздің ақпараттық кеңістігінде бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілетіп жүрген барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Осы жылғы қазылар алқасының төрағасы белгілі публицист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов сөз сөйледі. Конкурс қорытындысы бойынша баспа, электрондық БАҚ-тарда орналастырылған үздік жарияланымдар, аудио және бейнефайлдар, сондай-ақ эфирге шыққан теледидар және радиобағдарламалар, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі хабарлар іріктелді.

«Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік материал» номинациясы бойынша «Казахстанская правда» республикалық газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі Екатерина Бескорская бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Алматы облысы бойынша «Қазақстан» телеарнасының меншікті тілшісі Қуаныш Серікқановтың сюжеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының жаңа бағыттары мен жобалары туралы үздік материал» номинациясының иегері атанды.

Өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, халықтардың мәдениетін өзара байытуға бағытталған үздік материал деп «Достық аймағы» журналының бас редакторы Дмитрий Полтаренконың жұмысы танылды.

«Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мен насихаттауға арналған үздік материал» номинациясы бойынша бірінші орынды «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі Динара Желдібаева, ал «қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік тақырыбы бойынша әлеуметтік желілердегі үздік материал» номинациясы бойынша бірінші орынды «Давайте говорить» бағдарламасының продюсері Айгүл Мүкей иеленді.

«Астана қаласына арналған үздік материал» үшін «Қазақстан» ұлттық арнасының тележурналисі Оңғар Алпысбайұлы бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сонымен қатар, байқауға әлеуметтік желілердегі жұмыстар да ұсынылды. Солтүстік Қазақстан облысының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшысы Сәлімхан Сәбитовтің жұмысы әлеуметтік желілердегі «Тәуелсіз Қазақстанның дамуына менің үлесім» тақырыбында блогерлердің үздік жарияланымы деп танылды.

Іс-шарада еліміздің үздік медиаторлары, сондай-ақ «Үздік медиация кабинеті» аталып өтілді. Қоғамдық медиаторлар арасындағы конкурс қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы медиация институтының дамуына ықпал ету мақсатында өткізілген болатын. Республикада ҚХА аясында 674 медиация кабинеті жұмыс істейді, жыл басынан бері Ассамблея медиаторлары 20 мыңнан астам даулы жағдайды қарады, олардың 12 мыңнан астамына медиативтік келісімдер жасалды, ал 10 мыңы кеңес беру кезеңінде шешілді.

«Біз бірлігімізді, соның ішінде сот дауларын шешудің баламалы тетіктері арқылы қалыптастыру бойынша жаңа құралдар құрудамыз. Бүгін Медиация Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі болды, себебі биыл ҚХА өзінің дамуына қуатты серпін алды», – деді консультативтік-кеңесші орган басшысының орынбасары.

«Үздік медиатор» номинациясында жеңімпаз дипломының иегері медиатор Құрман Бисеғалиев болды, ал «үздік медиация кабинеті» номинациясында жеңімпаз дипломы Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің медиация орталығының меңгерушісі Ольга Николашинаға табыс етілді.

«Шаңырақ» этножурналистикасының шығармашылық байқауының жоғары марапаты – бас жүлдені өз ісінің шебері, республиканың ең үздік аудармашысы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова иеленді.

Марапаттау рәсімі музыкалық қойылымдармен сүйемелденді. Ең жарқыны «Nomad» балалар ансамблінің биі болды, онда біздің еліміздегі достық, бірлік, бейбітшілік пен келісімді байқататын Қазақстан халқының ұлттық билері көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, байқау жыл сайын отандық журналистиканың дамуына ықпал ету мақсатында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік тақырыбында материалдар жариялайтын журналистерді қолдау мақсатында өткізіледі.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: