Астанада ынтымақтастық мәселелері талқыланды

20 Желтоқсан 2022, 07:20 1171

Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа Бас хатшысы қатысты

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыртқы істер вице-министрі Ә. Тұрсынов К. Омуралиевті ТМҰ Бас хатшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы жауапты қызметінде сәттіліктер тіледі, сондай-ақ, түркі мемлекеттерінің ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастығының одан әрі тереңдей түсетіндігіне сенім білдірді. 

Кездесу барысында Ә. Тұрсынов Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлінің артып келе жатқанына тоқталып, Қазақстанның түркі әлемінің атажұрты ретінде Ұйымға мүше барлық елдермен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда, Қазақстан бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатын іске асыруға айрықша мән беретінін жеткізді. 

Қазақстандық дипломат 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта (Өзбекстан Республикасы) өткен ТМҰ 9-шы саммиті барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген ұсыныстарының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, қазақ тарапының осы бағытта Хатшылықтан жүйелі әрі жемісті жұмыс күтетінін айтты. 

К. Омуралиев Ұйымның алдағы жұмысы бойынша жоспарларымен бөлісіп, ТМҰ Хатшылығының мүше мемлекеттермен  бірлесе  атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. 

Жұмыс сапары барысында ТМҰ Бас хатшысының ҚР Президенті Қ. Тоқаевпен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар басшыларымен кездесулері жоспарланған. 

Айта кетерлігі, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында құрылды. ТМҰ Хатшылығы Ыстанбұлда орналасқан. Қазіргі уақытта ТМҰ-ға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстан байқаушы мәртебесіне ие. 

EL.KZ
Бөлісу: