Астанадағы елді мекенде сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр

11 Қазан 2022, 17:13 1461

Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты мәлімдеді

Астана әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында елорданың елді мекендері қалай дамып жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Елордада 16 елді мекендерде шамамен 345 мың адам тұрады – яғни, Астананың әрбір 4-ші тұрғыны. Абаттандыру мәселелерімен қатар жүйелі мәселелер де бар: электр, су, кәріз, нөсер, жылыту, әлеуметтік нысандардың құрылысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елді мекендерді жүйелі түрде дамытудамыз. Мәселен, тұрғын алаптарды 42 км сумен, 17 км нөсер, 11 км кәріз, 3,2 км астам электр және 680 км газбен жабдықтау желілерін салдық.

Елді мекендерде 4 білім беру нысанын, 2 спорт кешенін, 300 аула мен қоғамдық кеңістік және ұзындығы 117 км-ден асатын 250 көшені жөндеп, салдық, сонымен қатар 3,7 мың жарықтандыру тірегін орнаттық.

 Бұл жай ғана сандар емес, бұл елді мекендерде тыныс-тіршілікті жақсартуға мүмкіндік берген үлкен жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Бірақ, әрине, бұл да жеткіліксіз. Елді мекендерді дамыту бойынша жұмыстарды әлі де алғастырудамыз. Кездесулердің бірінде «Үркер» елді мекенінің тұрғындары «сол жағалаудың жарығына тамсанамыз» деген болатын. Біздің мақсатымыз – шет аймақтарды өмір сүруге қолайлы ету. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды да жүргізудеміз.

«Ағаш отырғызу учаскесі» (ЛПУ) елді мекеніне жеке тоқталып кетсем. Бұл елді мекенде 400-ден астам адам тұрады. Кездесуде су мәселесі көтерілді, өйткені бұл елді мекен пайда болғалы тұрғындарға орталықтандырылған су құбыры тартылмаған. Тұрғындар суды тасуға мәжбүр, әрине, бұл көптеген қолайсыздықтарды тудырады. Бұған дейін жобаны жасап, қазір орталық су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысын бастадық.

 Сонымен қатар, келесі жылдан бастап аталған елді мекенді газдандыру бойынша жобаны дайындауды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ әлеуметтік нысан (балабақша) салу жоспарда бар. Кездесуде басқа да бірқатар мәселелерді қарастырдық», - деп жазды елорда әкімі.


Бөлісу: