Астанада вандалдар тұрғын үйдің кіреберісіндегі қабырғаны тесіп тастаған

3 Қыркүйек, 13:25 391

Елордада қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күрес жүріп жатыр. Астана полицейлері өзгенің мүлкін бүлдіретін кезекті вандалдарды тауып, жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 25 тамызда таңғы сағат 06:00 шамасында 35 жастағы ер адам Достық көшесіндегі автотұрақта тұрған ВАЗ 2172 автокөлігін бірнеше рет ұрған. Осылайша, 51 688 теңге көлемінде материалдық шығын келтіріп, өзгенің мүлкіне қасақана зақым келтірді.

Сол күні кешке Пушкин көшесіндегі арка астында 37 жастағы ер адам велосипедімен келе жатып, шлагбаумды ұрып, сындырып кеткен. Вандалдарға айыппұл салынып, жауапқа тартылды.

Шамамен 29-30 тамызда Ж.Нәжімеденов көшесінде екі жас жігіт «Sansy» тұрғын үй кешенінің кіреберісіндегі қабырғаны ұрған. Нәтижесінде ұрылған орындар ойылып қалған. Екеуі де 15 күнге қамауға алынды, - делінген мәліметте.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Stop, вандал!» акциясы өтіп жатыр. Оны еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, ҮЕҰ өкілдері, қала тұрғындары, аудандық әкімдіктер мен қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, мәслихат депутаттары қолдады.

Жыл басынан бері сот 207 адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы аумақты ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: