Астанада үздік қолөнер шеберлерінің фестивалі өтіп жатыр

19 Желтоқсан 2023, 02:28 985

«Жастар» сарайында еліміздің ең үздік қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған «Хас шеберлер» фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Хас шеберлердің қолынан шыққан жасыл ту еліміздің ең мықтылары ғана енетін КИнЭС рекордтар кітабына жазылмақ.

Фестивальдің ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, тілектерін білдірді, сол сияқты еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлер бас қосты.

Ел тарихында бұрын-соңды болмаған, жүздеген ең үздік қолөнер шеберлерінің қолымен тігілген жасыл түсті тудың атауы – «Бірлік, Береке, Мейірімділік» деп аталады. Ол – табиғатқа, болашаққа талпынуды білдіреді.

Бұл фестиваль – қолөнер шеберлерінің көптен күткен еңбегінің нәтижесі, күні-түні жасаған жұмысының жемісі. Себебі, біраздан бері осы іс-шараны өткізуге мұқият дайындалдық, осы ауқымды фестиваль биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Жалпы бұған дейін 2019 жылы Астанадағы Байқоңыр ауданының әкімдігімен қолөнершілер іс-шарасы алғаш рет ұйымдастырылған. Мақсаты – креативті индустрияны дамыту, отандық өнімді қолдау, болашаққа қолөнер бұйымдарын, шеберлік сабақтарын насихаттау.  Маңызды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық нағыз өз ісінің шеберлері келді. Фестивальға үлкендер жағы ғана емес, қолынан іс келетін жастар, жасөспірімдер де қатысуда. Сондай-ақ шеберлердің қолынан шыққан жасыл түсті туды Қазақстанның рекордтар кітабы КИнЭС-ке енгізілгелі отыр, – деді Қазақстанның «Хас шеберлер» отандық өнімдерді дамыту қауымдастығының төрағасы, фестивальді ұйымдастырушылардың бірі – Зиуар Жұманова.

Еліміздің барлық өңірінен келген шеберлердің Астанадағы тамаша көрмесі, сән-fashion  жанрындағы көркем дүниелер көрген жанды тәнті етті. Әсіресе, Абай, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, тағы басқа өңірлерден келген хас шеберлер қолымен жасаған туындыларын көпшілікке ұсынды.

Өнімдерді жүннен тоқыған әулеттің үшінші ұрпағымыз деген Гүлнәр шебердің қолынан шыққан дүниелер айрықша әсер қалдырғаны рас.

Мен жасымнан киіз үйдің ішінде, киіздің үстінде өстім. Ақмола облысының  ауылындағы балалығым аттың үстінде, жүн тоқып, киіз басумен өтті. Әкем тігінші болды, туысқандарым шетінен өнерлі, суретші, ісмер болды. Мен хореография мамандығын бітірсем де, қазір осы ата кәсіпті жалғастыруды мақсат еттім дейді, – ол.

Фестивальдің соңғы күнінде 19 желтоқсанда қолөнершілер Қызыл кілеммен жүріп өтіп, хас шеберлер шеруін көрсетеді, сөйтіп, еліміздің КИнЭС рекордтар кітабына енеді.

Берік Арманов
Бөлісу: