Астанада үздік аспаз анықталды

23 Қазан 2023, 01:15 877

Астанада Республика күні мерекесі қарсаңында Сервис және туризм колледжінің базасында «Үздік аспаз-2023» байқауы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан мәліметке сәйкес, оған қала колледждерінің студенттері және аспаз мамандар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

20 қазан – Халықаралық аспаздар күні ұйымдастырылған байқау­дың мән-маңызы зор. Біріншіден, қатысушы студенттер практикалық қабілетін шыңдайды. Екіншіден, үміткерлер өзара тәжірибе алмасып, тағам пісіруде қиял мен сезімді ұштастырады.

Біздің колледжде 12 мамандық бойынша 1206 студент білім алады. Оның 395-і аспаз мамандығы бо­йынша білімін шыңдауда. Соңғы үш жылда 356 аспаз диплом алып, түрлі мейрамхана мен асханаға жұмысқа орналасты. Шыны керек, аспаз мамандығы бойынша білім алғандар жұмыссыз қалған емес, – деді колледж директоры Салтанат Басығараева.

Биыл сервис және туризм колледжінде гүл өсіруші-флорист, ландшафт дизайнері сынды жаңа мамандыққа лицензия алып, тәлімгерлерге терең білім беруді жолға қойыпты.

«Үздік маман» жобасының үйлес­тірушісі Олжас Ғамитовтің сөзінше, аспаздан бөлек, тігінші, ағаш шебері, дөңгелек ауыстырушы, сантехник, дәнекерлеуші, шаштараз, бариста, флорист сынды мамандардың жарысы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

«Үздік аспаз-2023» байқауына 15 қатысушы келіпті. Олар 11 критерий бойынша сараланады. Бірінші тапсыр­ма кезінде 40 минут ішінде салқын тағам дайындайды. Екінші тапсырма бойынша 1 сағат 20 минутта ыстық тағам дайындап, оны безендіруі мен ұсынуы есепке алынады.

Дәмді ас дайындауда адамның талғамы биік, өз-өзіне жоғары талап қоя білуі керек. Аспаздың тұздық пен дәмдеуіш мөлшерін қолдануы да маңызды. Ас пісіруге қажетті құралдарды өз орнымен пайдалану керек. Біз қатысушылар арасында үздікті анықтағанда осындай жайттарды бағалаймыз, – деді әділ-қазы алқасының мүшесі Әлия Боранбаева.

World Skills ережесі бойынша өткен байқауда Кирилл Махов үздік аспаз атанды.

Берік Арманов
Бөлісу: