Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өрт салдарынан екі ересек адам мен кәмелетке толмаған баланың қаза табуына байланысты тұрғын үй иесіне үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу нәтижесінде үй иесіне өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу арқылы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болды деген айып тағылды.
Соттың хабарлауынша, 2024 жылдың маусым айында тұрғын үйдегі өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Өрттің таралуына ұзартқыш ішіндегі электр кабелінің мыс сымдарының қызып кетуі себеп болған. Соның салдарынан жиһаз өртеніп, бөлмедегі адамдар көмірқышқыл газынан уланып қаза тапқан.
Сондай-ақ, тергеу барысында үй иесінің аталған тұрғын үй бөлмелерін құжатсыз жалға беріп, ақшалай пайда тапқаны анықталды. Бұл факті сотта ақша аударымдары туралы түбіртектер мен банк үзінділерімен дәлелденді.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушілердің өкілдеріне моральдық шығынды өтеген.
Сот үкімі бойынша, қылмыстың мән-жайларын ескере отырып, сотталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, 3 жыл бойы өрт қауіпсіздігі ережелеріне қатысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.