Астанада Тұран даңғылының бір бөлігі уақытша жабылды

27 Мамыр, 11:09 681

Елордада Тұран даңғылының Керей, Жәнібек хандар көшесінен Ұлы дала даңғылына дейінгі учаскесі уақытша жабылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, аталған учаске коллектормен байланысты жүргізіліп жатқан жұмыс негізінде 26 мамыр күні автокөлік қозғалысы үшін уақытша жабылған.

Жергілікті жерде коммуналдық қызметтер жұмыс істейді. Тұран даңғылындағы бұл коллектор жаңбыр суы мен кәріз қалдықтарын жинайды. Нөсерлі кәріз коллекторлары толық қуатта жұмыс істейді.

Сонымен қатар коллектордың жұмысы жеке құрылыс салушылар мен бірқатар үйдің заңсыз қосылуына байланысты шамадан тыс жүктеледі. Оның ішінде тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары және тағы да басқа заттарды кәрізге тастайтындар да жоқ емес.

Қазіргі уақытта Тұран даңғылында тағы бір магистральдық кәріз коллекторының құрылысы жүргізілуде. Оның ұзындығы – 8 км, бұл қолданыстағы коллектордың ұзындығынан үлкен. Магистральдық кәріз коллекторының толық аяқталуы осы жылдың күзіне жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.

Осы жылдың маусым айының соңында нөсер кәріз жүйесін өткізетін кәріз коллекторының бірінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қосымша сорғыларды орнату және іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл коллектордың құрылысы мен іске қосылуы сол жағалаудағы басқа коллекторлардың жұмысын жеңілдетеді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: