Астанада «Толағай» алыптар сайысы басталды

6 Шілде 2023, 16:32 2467

Елорданың 25 жылдығына орай Астана қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Толағай» алыптар сайысының ашық турнирі өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сайыстың мақсаты – еліміздің батырларын насихаттау, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу. Аталмыш шараға қатысуға 18 жастан асқан қала тұрғыны мен қонақтары жиналды. Атап айтқанда, астаналықтар мен Шымкент, Қонаев, Қарағанды сынды еліміздің түкпір-түкпірінен келген 15 алып сайысуда.

Толағай алыптар сайысының қатысушылары бірінші кезеңде 10 кг найзаны қашықтыққа лақтырып бақтарын сынайды. Ал екінші кезеңде бір минутта 1,5 метр ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыратын болады. Үшінші кезеңде 500 кг арбаны ұзақтыққа сүйрейді. Төртінші кезеңде бір минутта 141 кг тасты, ал соңғы кезеңде 100 кг бөренені көтереді. 

«Толағай» жобасының авторы Тимур Дәулетбақұлы мұндай сайысты Қазақстанда төртінші рет өткізіп жатқандарын айтты.

Мақсатымыз – елімізден бір Қажымұқан емес, мың Қажымұқан шығару. Қалалардағы, ауылдық жерлердегі қарапайым алыптарды әлем ареналарына дейін көтеру. Сайысқа жасы 18-ден, ал салмағы 90 килограммнан асқан тұрғындар іріктелді, - деді ол. 

Ауыр атлетика бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы сайысқа арнайы Шымкент қаласынан келген. 

Сайыс туралы ести салысымен оған қатысу туралы шешім қабылдадым. Бүгінгі шарада барынша күшімді сынап көремін. Бұл сайыс үлкен төзімділікті, күшті талап ететіні анық. Кімнің нешінші орын алатынын бір Алла біледі. Десе де жеңіске жетуге тырысатын боламын, - деді спортшы.

Жарыстың жалпы жүлдеқоры – 2 миллион теңге. Бірінші орын жеңімпазына 1 миллион теңге, екінші орынға 600 мың теңге, үшінші орынға 400 мың теңге беріледі. 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: