Астанада тегін оқуға болатын курстар тізімі жарияланды

17 Шілде, 18:33 1046

Биыл Астанада жұмыссыздарға арналған қысқа мерзімді курстарда 210 адамды кәсіптік оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, оның 150-і жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша оқытылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» директоры Олжас Омар ӨКҚ брифингінде айтты.

Елорда тұрғындарын жұмыспен қамту Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек ресурстарының ұтқырлығы орталығы» мемлекеттік мекемесінің басым бағыттарының бірі болып саналады.

Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту, кадрларды даярлау және қайта даярлау. Бүгінгі таңда 93 адам білім алуда, ал 9-ы курстарды аяқтап үлгерді. Курсты аяқтаған 9 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын атап өткен жөн, - деді орталық директоры.

Оның сөзінше, оқуға шаштараз (37), макияж суретшісі (24), маникюр шебері (10), тігінші (7), косметолог (5), аспаз (3), тәрбиешінің көмекшісі (2), электромонтер/электр газбен дәнекерлеуші/жиһаз жасаушы (1) мамандықтары таңдалған.

Көріп отырғанымыздай, ең өзекті мамандықтар қызмет көрсету саласына жатады. Осы ретте кәсіптік оқытудың талаптары мен артықшылықтарына толығырақ тоқталғым келеді. Оқыту екі бағытта, жұмыс берушілердің өтініші бойынша білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің жұмыс орнында жүргізіледі. Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтетін қатысушыларға жұмыссыздар, аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер, жұмыстан босатылған қызметкерлер жатады, - деді спикер.

Ал оның басты талабы – Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу. Оқу ұзақтығы 1 айдан 6 айға дейін.

Айта кету керек, кәсіптік оқыту курсына қатысушыларға 32 681 теңге көлемінде шәкіртақы (жұмыс берушілердің өтініші бойынша); медициналық тексеруден өтуге 2 АЕК (7 384 теңге) көлемінде материалдық көмек беріледі. Ал курсты жұмыс берушінің жұмыс орнында оқитындар үшін айлық жалақысы 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде болады. Курстан кейін оқуды аяқтағаны туралы сертификат алу, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар.

Бұл курсқа тапсыру жолдары мен кәсіптік оқыту курстарынан өту туралы толық ақпаратты білу үшін Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайындағы орталықтың Кәсіптік оқыту бөліміне жүгіну қажет. Немесе төмендегі нөмірлерге хабарласу керек: 24-89-48, 24-93-09, +77009569834.

Қабылдау уақыты: жұмыс күндері сағат 8.30-дан 18.00-ге дейін (13.00-14.30 үзіліс).

Мадина Асылбекова
Бөлісу: