Астанада «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасын тапты

28 Маусым, 01:17 693

Төрт аптада «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері еліміздегі әр түрлі аумақтан 3700 тоннадан астам қоқыс жинады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы аптада партиялықтар өзендердің жайылмалары мен жағалау аумақтарын тазартты. Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы «Таза бейсенбі» акциясына 33 мыңнан астам адам қатысты.
 
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы өткізіліп тұратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын жариялаған болатын. Президент атап өткендей, Қазақстан әрқашан таза әрі көз сүйсіндіретін ел болуы керек және бұл өмір салтына айналуға тиіс. Осылайша, 6 маусымнан бері «AMANAT» партиясының мыңдаған белсендісі мен мүшесі «Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бейсенбі сайын әртүрлі аумақты ұжымдаса отырып қоқыстан тазартып келеді. Осы аптада жағалау аумақтары мен жайылмаларға ерекше назар аударылды.
 
Мәселен, бүгін Астанада партиялықтар Қарасу өзенінің жағалауындағы учаскені қоқыстан тазартса, Жамбыл облысында Тараз қаласындағы канал аумағын ретке келтірді. Қостанай облысында партия мүшелері, қызметкерлері мен белсенділері қалалық жағажай маңында орналасқан Притобол саябағының аумағын тазалады. Ал Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қоқыс жиналды.

Қоқыстан тазартатын аумақтарды анықтау үшін еліміздегі барлық су айдындарына, каналдарға, өзендер мен көлдерге талдау жасадық. Әр облыста филиал қызметкерлері, жастар қауымы мен волонтерлер, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар Президенттің жалпыұлттық бастамасына белсенді қолдау көрсетті. Бүгін республика көлемінде жағалау аумақтарындағы, өзендер жайылмаларындағы және жағажайлардағы 25-ке жуық учаске қоқыстан тазартылды, – деді партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев.

Төрт аптада «Таза бейсенбі» акциясына 33 мыңға жуық адам қатысты. Айта кетейік, аталған акция әр апта сайын өткізіліп, кешенді жұмыс жүргізіледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: