Астанада тапаншамен әзілдеген адамдар жазаланды

Кеше, 22:45 129

Елордалық полиция «әзіл» деген сылтаумен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған адамдарды ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, олар тұрғын үйлердің лифттерінде жанжал көрінісін қойып, қаруға ұқсас затты көрсеткен, осылайша кездейсоқ куәгерлерді қорқытқан.

Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбалардың бірінде азамат Г.А. мен оның танысы ауызша жанжалды бейнелеп, кейіннен оны физикалық қақтығысқа ұластырған. Сахналық көрініс барысында Г.А. тапаншаға ұқсас затты шығарып, лифтте болған адамдарға қаратып, оларға шынайы қауіп төнгендей әсер қалдырған. Мұндай әрекеттер қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін, соның ішінде дүрбелең, азаматтардың денсаулығының нашарлауы немесе куәгерлер тарапынан агрессивті реакция туындауы ықтимал, - делінген мәліметте.

Аталған факті бойынша осы әрекетті ұйымдастырушы ұсталып, полицияға жеткізілді.

Оған ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: