Астанада тағы бір инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

Бүгiн, 07:30 190

Астанада Қ.Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған инклюзияны қолдау кабинеті ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Орталықтың мақсаты – ерекше білімді қажет ететін оқушыларды қолдап, әлеуметтік ортаға қалыптасу үшін мүмкіндік жасау. Олардың мектепке бейімделуіне, оқу процесіне толыққанды қатысуына, қауіпсіз ортада тең дәрежеде білім алуына жағдай туғызу болып саналады.

Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен логопед, дефектолог, мектеп психологтары,педагог-ассистенттер түрлі бағытта жұмыстар жүргізеді. Ашылған кабинет лого массажы, тілашар, ақылды айна, ұсақ моторикаларымен жұмыс істеуге қолайлы орын болып табылады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа орталық «Самұрық-Қазына» ЖШС қорының демеушілігімен ашылды.

Бұған дейін қыркүйек айында Астанадағы №22, 36, 59, 76 және 97 мектептерде жаңа форматтағы кабинеттер алғаш рет ашылған болатын. Инклюзия кабинеттеріне қалада тұратын мектеп жасындағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың шамамен 16%-ы қатысады. Жалпы елордада ерекше қажеттіліктері бар 21 107 бала тұрады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: