Астанада таеквондодан VI жазғы Спартакиада аяқталды

5 Желтоқсан 2023, 02:36 926

Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек Сарайында 2-4 желтоқсан аралығында өтті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Үш күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен 179 мықты спортшы медальдар үшін жарысты. Жарысқа 113 ер адам мен 76 әйел қатысты, олардың арасында Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Смайыл Дүйсебай, Рио-2016, Токио-2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Руслан Жапаров, чэндудегі Дүниежүзілік жазғы Универсиаданың чемпионы Рита Бакишева,құрама көшбасшылары және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары Ботагөз Қапанова, Нұрбек Газез, Нұрай Хусайнова және тағы басқалар бар.

Байрақты бәсекеде отандық спортшыларымыз 16 салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, өзара кім мықтыны анықтады.   Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жарыстың финалдық жекпе-жектерін тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

«Таэквондодан елордада ұйымдастырылған республикалық спартакиада бәсекесі аяқталды. Жарыстың соңғы күніндегі финалдық жекпе-жектер тартысты өтті. Еліміздің аймақтарынан келген спорт шеберлері өзара күш сынасып, жанкүйерлерге өз шеберлігін паш етті. Жарыс барысында төрешілер әділ жұмыс істегенін, ал ел спартакиадасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Спортшыларымызды жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Ендігі кезекте, намысты қолдан бермей, әлемдік сайыста үздіктер қатарынан көрінуіне тілектеспін», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев. 

Берік Арманов
Бөлісу: