Астанада студенттерге арналған жаңа жатақхана ашылды

13 Желтоқсан 2022, 16:41 1591

Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада Менеджмент, бизнес және білім колледжінің студенттеріне арналған жаңа жатақхана ашылды. Ол 110 орынға есептелген, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада студенттерге арналған 110 орындық жаңа жатақхана ашылды. Мұндай жобалар бизнес пен мемлекет ынтымақтастығының жақсы үлгісі, сондай-ақ жастардың болашағына үлкен инвестиция болып саналады. Менеджмент, бизнес және білім колледжінің студенттері үшін спорт залы мен тегін интернеті бар жаңа жатақхана салынып, ашылды. Ғимарат оқу орнының аумағында орналасқан. Нысан тиісті талаптарға толық сәйкес келеді. Корпуста демалыс бөлмесі, ас үй, спорт залы, душ бөлмесі, медициналық пункт, кір жууға және кептіруге арналған тұрмыстық бөлме бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жатақхананың жалпы ауданы – 1 525 шаршы метр.

Колледж директоры Балқия Пішенованың айтуынша ғимарат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалана отырып салынған. Ол үшін 2020 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрлігі, сол сияқты ҚР БҒМ жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ мен колледж арасында үшжақты шарт жасалған.

«Жатақхана заманауи жиһаздармен, кір жуғыш және кептіргіш заттарымен, асүйлер электр плиталарымен, тоңазытқыштармен және микротолқынды пештермен жабдықталған. Сондай-ақ жатақханада заманауи жуынатын бөлмелер мен душ бөлмелері, сақтау камералары бар. Студенттер демалыс орындарымен, медициналық кабинетпен қамтамасыз етілген. Ғимаратта қажетті жабдықтар мен душ кабиналары қарастырылған спорт залы бар. Барлық қабатта және колледж аумағында бейнебақылау орнатылған. Мүгедектігі бар адамдар үшін тиісті жағдай жасалған», - деп толықтырды колледж директоры.

Студенттер үйінде төрт, алты және сегіз орынды бөлмелер бар. Әр қабатта тәртіпті коменданттар қадағалайды, тәулік бойы бейнебақылау жұмыс істейді.

Елордалық Менеджмент, бизнес және білім колледжінің студенті Нұргүл Исенова үшінші курста оқытушы мамандығы бойынша оқиды. Жаңа жатақханаға ол бір ай бұрын алғашқылардың бірі болып қоныстанды. Бұрын колледжге бару жарты сағаттан астам уақытты алса, қазір небәрі бес минутты алады дейді.

Қазір колледжде 1360 студент оқиды, оның 100-ге жуығы баспанаға мұқтаж. Бұрын студенттер үшін колледж жатақханалардағы орындарды жалға алған. Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев атап өткендей, аталмыш колледж білім беру қызметтерін көрсету мен сауатты жоспарлаудың үлгісін көрсетеді.
«Колледж аумағында орналасқан жылы жатақханада студенттердің тұруы және оқуы өте маңызды. Енді аялдамаларда автобус күтіп, уақыт жоғалтпайды. Әкімдік осындай жатақханаларды салу кезінде колледждерді қолдау шараларын жоспарлап отыр», - деп атап өтті Астана қаласы білім басқармасының басшысы.

Қазір елордалық колледждерде 32 мыңға жуық адам оқиды. Әкімдік колледж студенттері үшін жатақханалардағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен шешу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі.

EL.KZ
Бөлісу: