Астанада шет елдерден келген 50-ден аса экономист бас қосты

4 Қазан, 07:44 9501

Астанада 4-ші Эконометрика мен бизнес-аналитика жөніндегі халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Nazarbayev University (NU) оқу орнында 4-ші Эконометрика мен бизнес-аналитика жөніндегі халықаралық конференция өтті. Шараны Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Эконометрика мен бизнес-аналитика жөніндегі орталығы NU-дың Экономика кафедрасымен бірлестікте ұйымдастырып отыр.

Конференцияға БАӘ, Ресей, Аустралия, Франция, Германия, Испания мен АҚШ сияқты елдерден келген 58 экономист қатысты. Олар теориялық эконометрика, статистика, банк секторы мәселелері, корпоративтік несиелер, кәсіпорындар мен банктердің банкортқа ұшырауын модельдеу, өңірлік даму, сондай-ақ инфляция өлшемдерін нақтылау және тұрақты түрде өсіп жатқан экономика жағдайындағы экологиялық мәселелерді модельдеу және тағы басқа сұрақтарды ортаға салды.

Конференцияға қатысушылар білімдерінің жоғары дәрежеде екенін дәлелдеді. PhD докторанттар ұсынған жұмыстарды ерекше атап өткім келеді – бұл олардың ғылыми қоғамдастыққа кірігуі үшін маңызды қадам әрі экономика ғылымы саласындағы тақырыптарды зерттеуге деген қызығушылықтарын дамытуға әсер етпек, — деді NU-дың Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ассистент-профессоры Андрей Ткаченко.

Шара оффлайн форматта университет қабырғасында өтті. Pompeu Fabra University-ден Кристиан Браунлис (Испания), Michigan State University-ден Питер Шмидт (АҚШ) пен NU-дың Экономика кафедрасынан Хулио Давил пленарлық баяндама жасады. Сондай-ақ конференция барысында түрлі тақырыптарға арналған 18 сессия өтті.

NU-дың Экономика кафедрасы үшін бұл – ауқымды шара. Білуімше, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі үшін де соңғы бірнеше жылдағы маңызды шара. Осындай конференциялар жиі өтіп, Қазақстан мен Орталық Азияда Экономикалық қауымдастық құруға негіз болады деп үміттенемін. Арменияда осындай жақсы қауымдастық бір бар, — деді Андрей Ткаченко.

Перизат Саденова
Бөлісу: