Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Туған жерім» атты сәндік-қолданбалы өнер бойынша XVII халықаралық конкурстың қатысушылары марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған байқауды «Байта» жас таланттардың шығармашылық бастамаларын қолдау қайырымдылық қоры, халықаралық педагог-суретшілер одағының өкілдігі, Астана қалысының ЮНЕСКО балалар өнер мектебі клубы ұйымдастырды.
Биыл аталған қор өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтуде.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
«Байт» қайырымдылық қоры жобасының негізгі мақсаты балаларды бейнелеу өнері саласында, рухани және патриоттық құндылықтарды насихаттауда, ең бастысы ересек ұрпақ тарапынан балалардың шығармашылық дамуына зейін мен үлкен құрмет көрсетуде дамуға ынталандыру және үгіттеу болып табылады.
«Байт» қайырымдылық қорының жетекшісі Светлана Махатованың сөзінше, биыл қордың жұмысына 20 жыл толған.
Біз 20 жыл бойы «Туған жерім» балалар шығармашылығын ұйымдастырып келеміз. Көркем жанрдың керемет сиқырлы шеберлерін жас суретшілер әртүрлі техниканы меңгере отыра салып, үйреніп, небір әдістермен өз күштерін сынап көруде. Мұғалімдері мен тәлімгерлердің бағыт-бағдар беруінің арқасында жетістіктерге жетіп жатыр. Мұғалімдер мен олардың шәкірттері біздің қоғам үшін құнды және әтиже үшін бірге жұмыс істейді. Балалардың шығармашылығын қолдау мемлекеттің тұрақты дамуы үшін маңызды қадамдардың бірі, – дейді қор жетекшісі.
Биылғы жылы байқауға әр түрлі көркемдік техникада орындалған 10-18 жасқа дейінгі балалардың 200-ден астам еңбектері қабылданған. Жұмыстар Қазақстанның түкпір-түкпірінен қамтылған.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, осы жылдар ішінде сәндік-қолданбалы өнер бойынша көптеген жұмыстар ұсынылған. Соның ішінде кілем техникасы, киіз басу, сәндік-қолданбалы өнердің әртүрлі әдістерінде балалардың жұмыстары көрсетілген.
Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің мұғалімі Ләйла Таженованың оқушылары бас жүлдені жеңіп алды.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Бұл байқауға төрт оқушым қатысты. Төртеуі де жоғары нәтиже көрсетіп орын алып, тіпті біреуі бас жүлдені жеңіп алды. Өте қуаныштымыз. Бұған дейін Алматыда өткен байқауларға қатысқан едік. Астанадағы конкурсқа алғаш рет келдік. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді Ләйла Таженова.
Байқауға қатысып, III дәрежелі дипломмен марапатталған Астана қаласының №2 өнер мектебінің оқушысы Толғанай Дахай түрлі түсті жіптерді қолдана отырып, «Отбасым» тақырыбында өз жұмысын ұсыныпты.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Мен жіппен сурет салуды жақында ғана бастадым. Бұл менің – алғашқы жұмысым. Ата-анам мен жетекшімнің қолдауының арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын. Кішкентай кезімнен сурет салуға деген қызығушылығым болды. Болашақта интерьер дизайнері болғым келеді. Мұнымен тоқтап қалмай, әріқарай шығармашылығымды дамытатын боламын, – дейді №2 өнер мектебінің оқушысы Толғанай Дахай.
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ұйымдастырушылардан сыйлықтар мен алғысхаттар табыс етілді.