Астанада респиратор шығаратын зауыт ашылады

3 Желтоқсан 2022, 05:14 1582

Жаңа зауытқа 163,4 млрд теңге қарастырылып отыр.

Респиратор шығаратын жаңа зауыт 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтиды, деп хабарлайды El.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствода өткен жиында еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарын басқаратын компаниялардың өкілдері мен сала мамандары бас қосып, пікір алмасты. 

Атап айтқанда, кеңесте «Астана – жаңа қала», «Ақтау теңіз порты», «Тараз ХимПаркі», «Қорғас-Шығыс қақпасы» және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймақтарындағы негізгі қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесі пысықталды.

«Астана – жаңа қала» АЭА-да респираторлар өндірісіне байланысты жобаны іске асыру қарастырылып отыр. Жаңа зауытта шамамен 40 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек. Қазір аталған аймақта 163,4 млрд теңге сомасына 5856 жұмыс орнын қарастыратын 54 жоба іске асырылды,деді ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.

Бұл ретте Маңғыстау облысының әлеуметтік және экономикалық дамуына «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы ерекше серпін беріп отырғанын айта кету керек. Мысалы, оның құрылған сәтінен бастап 19 жоба іске асырылып, тағы 28 жоба қазір жүзеге асырылып жатыр. Өз кезегінде экономикалық аймақ өкілдері киім және тоқыма бұйымдарының өндірісі бойынша қызмет түрлерін кеңейтуге ниетті екендерін жеткізді.

Сондай-ақ «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АЭА-да электронды аспаптар өндірісін жолға қою жоспарлануда. Қазір мұнда 50,9 млрд теңге сомасына 13 жоба жүзеге асырылу сатысында тұр.

 

EL.KZ
Бөлісу: