Астанада радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі талқыланды

26 Қазан 2018, 10:35 2469

Астанада «Жастарды рухани адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты конференция өтті.

Бұл шара 2018-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында, әйелдер мен жастардың үкіметтік емес ұйымдарының қоғамда радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру жұмысындағы мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Аталған конференцияда зайырлы мемлекеттегі дін мәселелері, жастарға діни экстремизмнің әсер етуін болдырмау, рухани-адамгершілік тәрбие беру, жас қазақстандықтардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, сондай-ақ деструктивті, радикалды діни ағымдарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі жөніндегі мәселелері талқыланды.

Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетінің басшысы Қайсар Жанаханов өз құттықтау сөзінде: «Біз жаңа қоғам құру жолындамыз, сондықтан, жастарға тәрбие беру мәселесіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту, халқымыздың салт-дәстүрлерін жалғастыру мен бекемдеу жауапкершілігі - жастарға жүктелген» деп атап өтті.

Сондай ақ, өз кезегінде бұл мәселемен бірнеше жыл бойы айналысып жүрген Павлодар облысының Конфессияаралық байланыстарды дамыту мен сараптама Орталығының директоры Гүлназ Раздықова да, бүгінгі таңда ең алдымен көпконфессиялы қоғамның барлық деңгейлерінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ғалымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін экстремизммен күреске жұмылдыру қажет екендігін атап айтқан. Экстремизм идеологиясын болдыртпау бағытындағы жұмыс мемлекеттік деңгейде және қоғамның осы мәселелерге қатысты әсерін сезіну дәрежесінде жүргізілу қажеттігін айтты.

Спикерлер қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдрасілқызы, дінтанушылар мен ғалымдар, жастар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері болды.

Жалпы конференция жұмысына 120-дан астам адам қатысты, олар – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, әйелдер ұйымдарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ республиканың жер-жерінен келген жастар қозғалысы мен қоғамдық пікір көшбасшылары.

Әйелдер және жастар ұйымдарының өкілдері түрлі мақсатты топтармен алдын алу жұмысын жүргізудің іс жүзіндегі тәжірибесімен бөлісті.

Жалпы конференция жұмысының нәтижесінде дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жастар мен әйелдер ұйымдарының өкілдері біріктірілді.

Асан ҚАЛИАХМЕТ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

 

Бөлісу: