Астанада қылмыстың тең жартысы жасалатын орындар аталды

27 Ақпан, 13:46 1866

Maqsut Narikbayev University жанындағы MIND талдау орталығы жүргізген зерттеу аясында Астана және Алматы қалаларындағы қылмыстардың жартысынан көбі өте шектеулі аймақтарда орын алатыны анықталды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

 Атап айтқанда Астанада қылмыстардың 50%-дан астамы қала аумағының 3% аумағында, ал Алматыда бұл көрсеткіш 5% территорияда болатыны дәлелденді.

Әдетте адамдар Астанадағы ең қауіпті жерлер деп – Сарыарқа ауданы немесе «Лесозавод», «Кирпичный» сияқты аудандар мен «Артем», «Әлем» базарларының аймағы деп санайды. Онымен қоса, қоғамда вокзал ауданы қауіпті деген ой қалыптасқан. Алайда сарапшылардың дайындаған зерттеулері мен статистикалары мүлдем басқа мәлеметтерді көрсетеді. Астанада қылмыстар Л.Н. Гумилев ЕҰУ кампусының ауданынан бастап Абылай хан даңғылының бойына дейін, сондай-ақ «Хан Шатыр» және «Керуен» СОО аумақтарында жиі орын алады екен. Ал Алматы қаласында  қылмыстардың жиі орын алатын негізгі нүктелері – адамдар көп жиналатын орындар – яғни, вокзалдар, мамандырылған ХҚКО, базарлар; демалысқа арналған орындар, тығыз орналасқан тұрғын үй аудандары тағы сол сияқты. Бұл ретте аналитиктер қаланың тау бөктеріндегі аудандарында халықтың тығыздығы төмен және әлеуметтік-экономикалық мәртебесі жоғары болғандықтан қылмыстар сирек жасалады деген болжамға келеді. Бірақ Медеу кешені аймағында қылмыстың біршама өсуі байқалады.

Айта кету керек, Астанада зорлық-зомбылық қылмыстары негізінен қоғамдық орындарда, ЖОО-ы мен медициналық мекемелерді қоса есептеген кезде орын алады (37,7%). Кейінгі кезекте көп пәтерлі үйлер (16,9%) және жеке тұрғын үй секторларында (8,5%). Ал Алматы қаласында зорлық-зомбылық қылмыстарының жартысы көшелерде (50,1%), жеке тұрғын үй кешендерінде (13,5%), көпқабатты үйлерде (5,7%) жасалады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: