Астанада құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төккен КамАЗ жүргізушісі жазаға тартылды

28 Мамыр, 11:47 441

Астана қаласында құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төккен КамАЗ жүргізушісі жазаланды. Бұл туралы Полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.  

15 сәуірден бастап елордада қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Аталған акция басталғалы 4 мыңнан астам құқық бұзушы қоқыстарды заңсыз тастағаны, қоғамдық орындарды ластағаны және басқа да абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 2800-ден астам, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 2000 адам жазаға тартылған.

Күн сайын полицейлер рұқсат етілмеген үйінділердің пайда болуы мүмкін жерлерде рейд жүргізіп, белгісіз орындарға қоқыс түсіріп жатқан тұлғаларды анықтайды.

Акция басталғалы полиция 30-дан астам жүк көлігі жүргізушісін жауапқа тартты. Осылайша рейдтік шаралардың бірінде Бейсеков көшесіндегі бос жерге құрылыс қалдықтарын түсіріп кеткен КамАЗ көлігінің жүргізушісі анықталды. Аталған бұзушылық видеоға түсірілген. Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабында көзделген әкімшілік шара қолданылды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ онымен заң талаптарын сақтау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілген.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: