Астанада белгілі спортшылар, қоғам белсенділері құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірлесе «Тоқта, вандал» акциясы аясында қала аудандары бойынша түнгі рейд өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі .
Шараға қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндірме өткізді, сондай-ақ тәртіп бұзушыларды ұстаған.
Акция қалалық мүліктің бүлінуіне жол бермеуге және тәртіпті сақтауға бағытталып отыр. Рейдке полиция департаментінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен еріктілер қатысып, олармен бірге панкратион мен джиу-джитсудан әлем, Еуразия және Азия чемпионы және қазақстандық кәсіпқой жауынгер Василий Тахтай, стрит-воркауттан ҚР құрамасының бас бапкері, әлем чемпионы Айтым Жақыпов секілді акцияны қолдаған белгілі спортшылар қосылды.
Спортшылар құқық қорғау органдарымен бірге тәртіп бұзушыларды ұстады. Өтіп бара жатқан адамдарға қаладағы тәртіп пен тазалықты сақтаудың, қалалық ортаға ұқыпты қарауды қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.
«Тоқта, вандал» акциясы жыл соңына дейін жалғаспақ.