Астанада ҚХА-ның 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары талқыланды

Бүгiн, 11:07 169

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша жиналыс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиналысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасарлары Лугмар Буларов пен Юрий Шин, Парламент Сенатының депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылары, өңірлердің ішкі саясат/қоғамдық даму басқармаларының, «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар қатысты.

Алдымен жиналыста Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатышылығының меңгерушісі Марат Әзілханов сөз сөйледі. Оның айтуынша, Ассамблеяның 30 жылдығы аясында еліміз бойынша 400-ден астам ірі іс-шара өтпек.

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында ҚХА-ның 30 жылдығына арналған еліміздің 25 жоғары оқу орны мен сараптамалық орталықтарында БАҚ-та кеңінен жарияланатын 34 ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар қазірдің өзінде барлық өңірлердегі жоғары оқу орындарында өтуде және өткізілмек. Мерейтойлық іс-шаралар 2025 жылдың 1 наурызында (ҚХА құрылған күні) басталады, - деді Марат Әзілханов.

Басқосу барысында «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру екенін атап өтті.

Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілі бар. Біздің негізгі мақсатымыз – барлық этникалық топты интеграциялау, біртұтас мемлекет құру, – деді Айгүл Кәкімбекқызы.

Сондай-ақ Айгүл Сәдуақасова Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жобасы Үкімет қаулысымын бекітілгенін айтты.

Елімізде республикалық, өңірлік деңгейде, жалпы алғанда, 400-дей әр түрлі іс-шара өтеді деп жоспарланған. Оның барлығы салтанатты түрде атап өтілмейді. Көпшілігі әлеуметтік ортаға арналған. Оның ішінде Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жастар ұйымының іс-шаралары, конференциялар, дөңгелек үстелдер бар, – деді ол.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиевтің сөзінше, Қазақстан халқы Ассамблеясында 13 негізгі партиялық жоба, көптеген клубтар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда еліміздегі этностық тақырыптардың дұрыс жазылуы, насихатталуы аясында жұмыс істеп жатырмыз. Одан кейін осы тақырыпты дұрыс түсінетін жаңа форматтағы тілшілерді дайындауға, біліктілігін арттыруға әрекет етудеміз. Өткен жылы Журналистер клубының ұйымдастыруымен елімізде 4 негізгі орталық пен 20 өңірдің басын қосып, семинар-тренингтер өтті. Бұл жұмыстар 2025 жылы да жалғасын табады, – дейді Алишер Сатвалдиев.

ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасының орынбасары Баян Ахатайдың айтуынша, Аналар кеңесі өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы 5 кеселмен күресу туралы тапсырмасы аясында «Салауатты сана» жобасын қолға алған. Жобаның негізгі мақсаты – жат әдеттерден балалардың бойын аулақ ұстауға баулу және оның алдын алу шараларын ұйымдастыру болып отыр.

Сонымен қатар жиналысқа қатысушылар мерейтойлық жылдың негізгі жобаларын, іс-шараларын және акцияларын талқылады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: