Астанада қауіпті жарнамалар жойылып жатыр

Бүгiн, 14:26 160

Елорданың Алматы ауданында «Заң және тәртіп» акциясы аясында есірткі граффитилерін анықтау және жою бойынша рейд жүргізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің мәліметінше, тыйым салынған заттардың жарнамасымен күресуге бағытталған акцияны аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен құқық қорғау органдары және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қолға алды. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Шараның мақсаты – қауіпті жазуларды жою ғана емес, жастар арасында есірткінің таралуына жол бермеу. Рейд барысында қатысушылар аудан аумағындағы тұрғын үйлердің, жатақханалар мен ғимараттардың қабырғаларына ілінген жазулар, сызбалар, QR кодтар және басқа да жарнама элементтерін бояды.

Алаңдатарлық жағдай, мұндай граффитидің едәуір бөлігі студенттер тұратын оқу орындары мен жатақханалардың жанынан табылды. Алматы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мұрат Маратовтың айтуынша, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай шаралардың маңызы ерекше.

Бүгін біз қоғамдық орындарда көрініс тапқан есірткі жарнамаларын жою бойынша ауқымды акция жүргіздік. Мұндай жазулар көбінесе университеттер мен студенттер жатақханаларының маңында пайда болып жатыр. Ал бұл жастарға үлкен қауіп төндіреді. Табылған граффитилердің барлығын бояп тастадық. Қала тұрғындарын сақ болуға шақырамыз, егер мұндай жазуларды байқасаңыз, бей-жай қарамай, әкімдікке немесе құқық қорғау органдарына хабарлаңыз, - деді Мұрат Маратов.

Мұндай рейдтер елорданың барлық ауданында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Билік азаматтарды елордада тазалық пен тәртіпті сақтау жөніндегі бастамаларға қосылуға шақырады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: