Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

12 Сәуір, 21:28 918

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні және Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ғылыми және академиялық қауым, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысып, заңғар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ғылым қызметкерлері күні – әлемге әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлының туған күніне орайластырылғаны баршамызға мәлім. Қаныш Имантайұлы қатар ғылыми зерттеулер мен техникалық шешімдерге қойылатын талаптардың жоғары деңгейін айқындап берді. Нәтижесінде еліміз геология саласында және ел экономикасының тау-кен металлургия секторында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді, - деді өз сөзінде Саясат Нұрбек.

Гүл шоқтарын қою рәсімі кезінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сөз сөйлеп, ғалымның геология, минералогия және пайдалы қазбаларды өндіру салаларындағы ерекше жетістіктерін атап өтті.

Әр халықта мемлекеттің дамуына орасан зор үлес қосқан өз тарихи тұлғалары бар. Олардың ішінде қоғамға танылу иерархиясында айрықша орын алған көшбасшылар ерекше дараланып тұратыны сөзсіз. Ғалым, академик, патриот және қазіргі заманғы қазақстандық ғылымның негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев отандастар үшін осындай бірегей тұлға болып табылады, - деді Ақылбек Күрішбаев

Мерейтойлық шаралар аясында ЕҰУ-да Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Имантайұлына арналған барельеф ашты. Барельеф негізгі елордалық оқу ордасының Қаныш Сәтбаев көшесінде жайғасқан бас ғимаратында орнатылды. Оның авторы – ЕҰУ сәулет кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Талғат Анарбеков. Барельефтің өлшемі 60х80 см.

Мен бір апта бойы Қаныш Сәтбаевтың лайықты портретін іздеп, осы нұсқаға тоқтадым. Рельеф мүсіндік пластилиннен жасалған. Барельефті жасау барысында түпнұсқаға барынша ұқсатуға тырыстым, біраз қиындықтарға тап болғанымды да жасырмаймын. Жалпы, мүсіндеу үшін бір айға жуық еңбек еттім, - деп атап өтті Талғат Анарбеков

Іс-шаралар кешені «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты.

Зарина Арман
Бөлісу: