Астанада қаланы абаттандыруға арналған мыңнан астам жоба іске асырылды

11 Тамыз 2023, 12:00 761

Бұл туралы Астана қаласының Урбанистика орталығының бөлім басшысы Аслан Қандығұлов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, соңғы бес жылда қала бойынша 1000-нан астам жоба іске асырылды, оның ішінде 181 қоғамдық кеңістік пен 873 аула аумағы абаттандырылды.

Біз, елордалық сәулетшілер, бұл саябақтар тұрғындардың қарбаластан демалатын жайлы орнына айналады деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл ретте эскиздік жобаларды әзірлеу кезінде тұрғындардың барлық ұсыныс тілектері мен айтқан сындары ескеріледі. Сонымен қатар мамандарымыз жұмыс барысында ең тиімді әлемдік тәжірибені қолданады. Мысалы, қалада веложолдар саны артып келеді, бұл болашақта көшелердегі көлік құралдарының санын азайтуға және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді, - дейді ол.

2023 жылы елорданың барлық 5 ауданында 31 қоғамдық кеңістік және 165 аула аумағын абаттандыру жүріп жатыр.

Абаттандыру кезінде көгалдандыруға басымдық беріледі. Әр ауданда бір миллионға жуық көшет отырғызылады: қала ортасында 496 мың және Астананың жасыл белдеуінде 457 мың көшет.

Көктемде Мәңгілік ел, Ұлы Дала даңғылдары, Бейсеков, Шарль де Голль, Сәтбаев көшелері көгалдандырылды.Біз жергілікті климатқа бейімделген ағаш түрлерін егеміз. Көшеттер елордалық жылыжайларда өсіріліп, көктемде және күзде отырғызылады, - деп көгалдандыру жұмыстары туралы да атап өтті бөлім басшысы.

Қазір Есіл өзенінің жағасында Бейсеков көшесінен Көктал елді мекеніне қарай қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Амфитеатр, спорт алаңдары, серуендеу орындары, ойын алаңқайлары жабдықталады. Орталық жағалаудың тарихи көшелері өзгеруде. Жұмыстар жаңа қоғамдық кеңістіктерді бұрын құрылған кеңістіктермен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Кез келген жаңашылдық енгізуде елорданың дизайн-кодына сәйкес көшелердің тарихи келбетін сақтау біз үшін басты фактор болып табылады, - деді Қандығұлов өзінің баяндамасында.

Ақбұлақ өзенінің жағалауы абаттандырылды. Ал көпірлердің астында өзеннің бойындағы саябақ кластерін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының бірінші бөлігі ашылды.

Сонымен қатар Ақан сері – Фахд бен Абдул, Кенесары – Бейсекбаев, Кенесары – Егемен Қазақстан, Қордай – Н.Ахметбеков көшелерінің қиылысында, Абылай хан даңғылынан Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі жағалауда, К.Әзірбаев көшесі, 10, Храпатый көшесі абаттандырылды.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: