Астанада полицейлер күшейтілген режимге көшті

31 Қазан 2023, 09:42 1384
Елордалық полицейлер күшейтілген режимге көшті, қаланың периметрі бойынша 7 блок бекет қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Бүгіннен, яғни 31 қазан сағат 08.00-ден бастап қаланың периметрі бойынша Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар қалаларының, сонымен қатар Қорғалжын, Астарханка кенттерінен, халықаралық әуежайдан қалаға келетін жолдарға 7 блокпосттар қойылды. Бұл шара азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ автокөліктерде тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеруге бағытталады, - делінген Астана қалалық полиция хабарламасында.
Бұл шет мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін ірі қоғамдық-саяси іс-шаралардың өткізілуіне байланысты қабылданып отыр.
 
Айта кетейік, 1 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келеді.
 
Ал 2 қарашада Астана қаласына Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды.
 
3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті өтеді.
 
Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.
EL.KZ
Бөлісу: