Астанада пациент пен дәрі қауіпсіздігі мәселесі бойынша терапевтер конгресі басталды

20 Қыркүйек, 15:46 824

Президенті Іс басқармасы медициналық орталығына қарасты аурухананың ұйымдастыруымен терапевтер конгрес басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 600-ден астам терапевт қатысты. Сонымен қатар конгресті тікелей трансляция арқылы 2500-ден астам адам тамашалады.

Ресми ашылу салтанатында ҚР ПІБ медорталығының орынбасары Людмила Бюрабекова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, ДДСҰ Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла сөз сөйлеп, іс-шараның маңызына тоқталды.

Конгресс шеңберінде инфекциялардың алдын алу, бақылау және емдеу, сондай-ақ ауруханаларда инфекциялық бақылау қызметін ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Іс-шарада иондаушы сәулемен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің және пациенттердің радиациялық қауіпсіздігі мәселелері де қаралды.

ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының емдік жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева «Пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаһандық үрдіс пен жергілікті шешімдер» тақырыбында презентация жасап, қауіпсіз денсаулық сақтау жүйесін құруға қатысты пікір білдірді.

Пациенттердің қауіпсіздігіне құйылған инвестиция денсаулық сақтау саласындағы нәтижелерге оң әсер етіп, пациент қауіпсіздігіне қатысты шығынды азайтады. Сонымен қатар жүйенің тиімділігін арттырып, қоғамның денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін қалпына келтіруге көмектеседі, - деді Раушан Қарабаева.

Ал Аурухананың бас аллерголог-иммунологі Ғалия Түсіпбекова отандық терапевтер мен аллерголог-дәрігерлерге «Дәріге аса сезімталдық: теориядан практикаға дейін. Дәрілік аса сезімталдықты диагностикалау мен алдын алуда қандай жаңалықтар бар?» тақырыбында баяндама жасады. Дәрігердің айтуынша, кейінгі онжылдықта дәрілік сезімталдық артып кеткен.

Оған дәрілерді тұтыну көбейгені, гигиена мен тамақтану әдеті өзгергені, иммундық жүйеге қоршаған ортаның ластануы мен аэроаллергендердің әсері  себеп болған тәрізді. Оның таралуы туралы эпидемиологиялық деректер шектеулі. Көбісі құжат жүзінде тіркелмейді, - деп түсіндірді Ғалия Түсіпбекова.

Іс-шара жыл сайын ДДСҰ өткізетін Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күніне орайластырылғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар ҚР Президенті Іс басқармасының, Денсаулық сақтау министрлігінің және «INTERNIST» Біріккен қоғамының қолдауымен гибридті форматта (офлайн және онлайн) ұйымдастырылды.

EL.KZ
Бөлісу: