Астанада Өзбекстанның кино күндері өтеді

3 Тамыз, 09:12 614

6-7 тамызда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында «Chaplin» кинотеатрында Өзбекстан кино күндері өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары өзбек кинематографтарының екі фильмін тегін көре алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бірінші фильм - режиссер М.Эркинов 2023 жылы түсірген «Абдулла Орипов: Тәуелсіздік әншісі» киносы. Туындыда Өзбекстан мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, көрнекті ақыны Абдулла Ориповтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалады. Көрермен ақынның балалық және жастық шағына саяхаттап, оның өзбек әдебиеті мен мәдениетіне қосқан елеулі үлесінен хабардар бола алады.

Екінші фильм «Яша, хотин!»(Жаса, әйел!) комедиясы отбасылық құндылық тақырыбын әзілмен ашады. Оқиға зейнетке шыққаннан кейін өзін жалғыз сезінетін ұмытшақ басты кейіпкер туралы. Фильм ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара сүйіспеншілік пен қамқорлықтың маңызын баяндайды.

Кино өнері арқылы Өзбекстанның ғибратқа толы дәстүрімен, мәдениетімен танысу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.

Айта кетейік, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары 7 және 8 тамызда өтеді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: