Астанада «Оюлар жырлайды» атты этнофестиваль өтті

25 Маусым, 15:22 462

Астанадағы №91 мектеп-гимназиясында этно-лагерь аясында «Оюлар жырлайды» атты этнофестиваль өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, іс-шараға қаладағы өзге мектептегі лагерьлерден балалар қатысты.

Жаз басталғалы бері балаларға салт-дәстүрді, насихаттап, олардың бойына елжандылықты қалпыптастырып келеміз. Мұндағы мақсат – олардың бойына ұлттық құндылықты сіңіру және тереңірек түсіндіру. Бүгінгі фестивальге 1-8-сынып аралығындағы оқушылар қатысып жатыр. Жалпы балалардың қызығушылығы өте жақсы, - деді №91 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлшат Елеукенова.

Мұнда арнайы киіз үй құрылған. Ал іші ерекше безендіріліп, қажетті заттар қойылған. «Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоғамдық қорының ақ кимешекті әжелері құрақ көрпе тігіп, ұршық иірді.

Ал сыртта балалар тоғызқұмалақ ойнап, ауылдағыдай ләңгі теуіп, асық атты.

Маған жазғы этнолагерь ұнайды. Себебі мұнда қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық ойындармен танысамыз. Әжелер мен тәрбиешілер бізге қолөнермен айналысуға үйретеді. Сондай-ақ олар оюлардың түрлерімен таныстырып, құрақ көрпе тігуді көрсетті, - дейді №91 мектеп-гимнаизясының 6-сынып оқушысы Аиша Гастелло.

Биыл жазғы демалыстың барлық түрімен 1-10 сыныптардың 200 мыңнан астам оқушысы қамтылатынын атап өткен жөн.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: