Астана іргесінде Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық қызу жүруде. Елдің әр өңірінен келген сарбаздар шоғырланған далалық лагердегі дайындық барысымен журналистер қауымы танысып қайтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтпек. Бұл айтулы дата ата-бабаларымыздың ерлігін, елге деген адалдығын, бейбітшілік үшін жан аямай күрескен рухын ұлықтайтын ерекше күн. Осыған орай елімізде кең көлемде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың ең маңыздысы — Жеңіс күніне арналған әскери шеру.
Бүгінде таңда шеруге дайындық қызу жүріп жатыр. Қорғаныс министрлігінің айтуынша, әскери бөлімшелердің қатысуымен өтетін бұл шеру бұрынғыдан да ауқымды болмақ. Әскерилердің саптық дайындықтары, техниканың қозғалысын үйлестіру, салтанатты марштар мен авиациялық шоу — бәрі жоғары деңгейде жоспарланып отыр.
Биылғы әскери шерудің дайындығы мен өткізілуі маған жүктелді. Қазір әскери парадтың дайындығын қызу жүргізудеміз. Әскери шеру ол – елдің бас алаңында өтетін жәй ғана бір салтанатты шеру ғана емес. Бұл ұрпақтар сабақтастығының, әскери ерлігінің, халқымыздың батырлығын бейнелейтін дәстүрі. Биыл шеруге елдің әр өңірінен 4 мыңнан астам әскерилер қатысып жатыр.Олардың екі жүзден астамы әйелдер. Әскери шеруге дайындықтың өзі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі осы жерде саптық жүріс бойынша өтуде. Екінші кезеңі тек жаяу әскер емес тауыр техникамен бірге өтеді. Ал соңғы кезең елдің бас алаңында 3-5 мамыр аралығында өтпек. Шеруге қатысатын сарбаздардың барлығы Астана гарнизонына жиналды. Дайындық жоспар бойынша жүргізілуде, – деді Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Бас қолбасшының айтуынша, парадқа қатысатын сарбаздардың жай-күйі толық қарастырылған.
Суреттер: Ынтымақ Толқын
Әскери шеру қалай өтеді?
Елорданың бас алаңындағы әскери шеру 7 мамырға жоспарланған. Үш кезеңнен тұратын парадта Ұлы Отан соғысы жылдарын да қамтыған жаяу әскердің салтанатты шеруі өтеді. Тәуелсіздік алаңында Жауынгерлік Қызыл Ту, Қазақстан аумағында құрылған дивизиялардың тулары да желбіремек.
Шеруде тек қазіргі заманғы қару-жарақ пен техника ғана емес, соғыс жылдарында қолданылған тарихи әскери көліктер де көрсетіледі. Бұл — ұрпақтар сабақтастығын, отан қорғау жолындағы үзілмес ерлік пен борышты көрсетудің жарқын үлгісі болмақ. Соғыс техникаларының көшін аты аңызға айналған Т-34 танкі бастайды.
Сурет: Ынтымақ Толқын
Авиациялық бөлім ерекше әсер қалдырмақ
Биылғы шерудің басты ерекшеліктерінің бірі — әскери-әуе күштерінің кең көлемде қатысуы. Аспанда ұшатын тікұшақтар мен жойғыш ұшақтар Қазақстанның әуе қорғанысының қуатын паш етпек. Арнайы әуе акробатикасы, түтінмен салынған Ту бейнесі көрермендердің жүрегін тебірентетіні сөзсіз. Әуе шеруіне Қарулы күштердің армиялық, майдандық және әскери-көліктік авиациясының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 60-тан астам ұшу аппараттары қатысады. Олардың ішінде «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттары да бар.
Суреттер: Ынтымақ Толқын
Саптық дайындыққа кіл мықтылар іріктелген
Шеруге қатысатын әскери қызметкерлер арнайы іріктеуден өткен кіл мықтылар. Астана іргесіндегі әскери бөлімде де сол шеберліктерін күн сайын шыңдап жатыр. Олар саптық жүріс, әскери әндер, қадам үйлесімі сияқты маңызды аспектілерді игеріп, ұлт рухын көрсете алатындай болуға ұмтылуда.
Менің әскер қатарына келгендегі мақсатым тек Отан алдындағы борышымды өтеп қана қоймай, кезіндегі Бұқар жырау, Шалкиіз жырау, бертін келе Бауыржан Момышұлы секілді өз қатарластарымды жігерлендіріп, рухтандыру еді. Әскер қатарында жүріп, қаруластарымды жігерлендіретін 50-ге тарта өлең жаздым. Бүгінде сол сөзіме ісімді сай қылайын деп Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай өткелі отырған әскери шеруге қатысушы болдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, кезінде Рахымжан аталарымыз жеңіс туын көтерсе, бүгін біз бейбіт күнде сол туды көтеріп шығамыз. Бейбіт күннің туын көтергеннің өзі жауапкершілікті талап етеді. Оны құлатпай алып жүру бүгінгі ұрпақтың міндеті, – деді әскери шеруге қатысушы, қатардағы жауынгер Алмас Дәулетбекұлы.
©El.kz/Ынтымақ Толқын
Айта кетейік, биылғы әскери шеру 7 мамырда елдің бас алаңында өтеді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, шеруді тамашалауға келгендерді таңдандыратын техникалар да сол күні алаңға шығарылмақ.