Астанада 19-21 қазан күндері EXPO халықаралық көрме орталығында KazAgro және KazFarm халықаралық салалық іс-шаралары өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі аграрлық көрме және агроөнеркәсіп саласындағы жаһандық инновацияларды ұсынуға арналған кәсіби алаң, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, көрме 19 қазан күні сағат 11:00-де ресми түрде ашылады.
KazAgro – тұқым селекциясынан бастап дайын өнім мен заманауи технологияларға дейін барлығын қамтитын өсімдік шаруашылығы көрмесі.
KazFarm – эмбриондардан бастап, дайын өнімге дейін және мал шаруашылығының әртүрлі салаларындағы қызметтерге дейін толық қамтылған Қазақстандағы мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібінің көрмесі.
«KazAgro/KazFarm-2023» іс-шарасында аграрлық ғылымның соңғы әлемдік жетістіктерін енгізуге ықпал ететін жетекші әлемдік агроконцерндердің бірқатар ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, инновациялық технологиялар мен аграрлық секторды дамыту бағдарламалары ұсынылатын болады.
Көрмелер Қазақстанда 14 жылдан астам уақыт бойы «Expo Group» Халықаралық көрме компаниясымен өткізіліп келеді және жыл сайын әртүрлі елдерден 300-ге жуық агроөнеркәсіптік компанияның басын қосады. Биыл әлемнің 20-дан астам елінен компаниялар мен ұйымдар қатысады деп күтіліп отыр. Жалпы көрме алаңы шамамен 20 000 шаршы метрді құрайды. Rostselmash Компаниясы іс-шараның бас демеушісі болады.
Аграрлық көрмелер аясында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған министрлік конференциясы өткізіледі. Бұл іс-шаралар әдетте 20 000-нан астам адамды, оның ішінде қазақстандық фермерлерді, көтерме және бөлшек сауда өкілдерін, импорттаушылар мен экспорттаушыларды, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден ауыл шаруашылығы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерін, сондай-ақ салалық сарапшылар мен зерттеу институттарының ғалымдарын жұмылдырады.
Көрмелердің іскерлік бағдарламасы жетекші сала мамандарының, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен инновациялық орталықтардың басшыларының қатысуымен презентациялар, бизнес-миссиялар және бірқатар семинарларды өткізуді және қазақстандық және шетелдік компаниялар арасында меморандумдарға қол қоюды көздейді.