Астанада Орталық Азия елдері сарапшыларының семинары өтіп жатыр

1 Ақпан 2023, 13:55 1698

Астанада Орталық Азия елдері сарапшыларының семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Халықаралық суды бағалау орталығы БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясымен және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының "Жасыл Орталық Азия" бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырған Орталық Азияның трансшекаралық бассейндерінде мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі өңірлік семинар өз жұмысын бастады.

Семинар жұмысына Орталық Азияның бес елінің (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) сарапшылары, су ресурстарына, қоршаған ортаға және гидрометеорологияға жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық қызметтердің өкілдері, сондай-ақ ғылыми институттардың, бассейндік су шаруашылығы ұйымдарының және өңірде жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың мамандары қатысады. Оған Германия, Нидерланды, Финляндия, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым, Сава өзенінің бассейні жөніндегі халықаралық комиссия, халықаралық бассейн ұйымдары желісі және Халықаралық жер асты суларын бағалау орталығының сарапшылары қатысады.

Халық санының өсуі, экономиканың су тұтынатын секторларының дамуы және Орталық Азиядағы климаттың өзгеруінің әсері жағдайында жыл сайын су тапшылығы проблемасы шиеленісе түсуде. Бұрынғы экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне жеткіліксіз назар аудару, суды ұтымсыз пайдалану тәжірибесі, институционалдық әлеуеттің болмауы және басқа да бірқатар факторлар экожүйелердің деградациясына, су объектілерінің ластануына және су сапасының нашарлауына әкелді. Мұндай қауіптер барабар шаралар қабылдауды және су ресурстарын басқару мен қорғаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуді, оның ішінде негізделген және тұрақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін су ресурстарын мониторингілеу мен бағалау жүйесін дамытуды талап етеді.

Семинар елдерге трансшекаралық бассейндерде мониторинг жүргізу, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеуге жәрдемдесу және трансшекаралық бассейндерде су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайту мүмкіндіктерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Семинарға қатысушылар трансшекаралық бассейндерде мониторингті, бағалауды және ақпарат алмасуды жүзеге асырудың, оның ішінде бағалаудың келісілген және салыстырмалы әдістерін қолданудың және деректерді басқару жүйесін дамытудың әртүрлі тәжірибелері мен тәсілдерін қарастырады.

Олар сондай-ақ трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның аясында әзірленіп жатқан "Трансшекаралық деректер алмасу саласындағы озық тәжірибелер мен алынған сабақтар" атты жаңа басылымға енгізу үшін ұсыныстар жасайды.

Семинарда Орталық Азиядағы су ресурстарына бірлескен мониторинг пен бағалауды жүзеге асырудағы қазіргі проблемалар мен кедергілерді талқылау, сондай-ақ елдердің су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі ынтымақтастығын дамытудың жалпы тәсілдерін айқындау күтілуде.

Сонымен қатар, семинар 2023 жылдың 22-24 наурызында Нью-Йоркте Тәжікстан мен Нидерланды төрағалығымен өтетін БҰҰ су конференциясына дайындық мәселелерін талқылауды көздейді.

EL.KZ
Бөлісу: