Астанада мектеп автобустары тексеріліп жатыр

3 Сәуір 2023, 13:22 1264

Елорда аумағында 27 наурыз бен 10 сәуір аралығында “Балалардың жолдағы қауіпсіздігі” атты республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Аталған іс-шара аясында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері Астана қаласының көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, мектеп автобустарының техникалық жай-күйінің қауіпсіз пайдалану талаптарына сәйкестігін тексерді.

Мектеп автобустарының жүргізушілерімен және автопарк басшылығымен ЖҚЕ талаптарын зерделеу және бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ жолаушы-балаларды тасымалдау кезінде мұқияттылық танытып, оларға ұқыпты қарау туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Бұдан басқа жүргізуші құрамды жалдау кезінде және оларды балаларды тасымалдауға жібермес бұрын заңнамаға сәйкес мұқият тексеру жүзеге асырылады.

Астана қаласының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушылардан жолдарда мұқият болуды және жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауды сұрайды.

EL.KZ
Бөлісу: