Астанада көктемгі су тасқынына дайындық шаралары басталды

26 Ақпан 2023, 19:10 1296

Елордадан 3,5 млн текше метрден астам қар шығарды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында көктемгі су тасқынына қарсы қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

«Қалада су тасқынына қарсы іс-шаралар жүріп жатыр: 26 мың метр арық-науа желісі тазартылды, шамамен 1900 метр құбыр буландырылды, 800 метрден астам коллектор жуылды. Қыс мезгілінің басынан бері коммуналдық қызметтер елордадан 3,5 млн текше метрден астам қар шығарды», - деп жазды елорда әкімі.

Су басу қаупін азайту үшін әрі көктемгі тасқын суларды өткізуге дайындық бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтты.

 

«Қаладағы су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны өткен жылдармен салыстырғанда 21-ге дейін азайды. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер тұрақты дайындыққа келтірілді. Су тасқыны салдарының алдын алу және жою үшін инертті материалдар қоры дайындалды», - деп жазды елорда әкімі. 

Жауапты мемлекеттік органдардың алдына су өткізу құрылысын тазалауға ерекше назар аудару, су тасқыны қаупі бар учаскелердің, елді мекендердің қарын уақытылы күреуді бақылауға алуды міндет етіп қойды. 

EL.KZ
Бөлісу: