Астанада кәсіпкерлерге кедергі келтіретін өзекті мәселелер талқыланды

8 Желтоқсан 2022, 11:19 1702

Кәсіпкерлер тарапынан берілген арыз саны 1200-ге жетті

Елордада Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың кәсіпкерлермен кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында Рустам Жүрсінов еліміздің бірнеше өңірін аралап шыққандығы жайлы айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақтандағы өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен, мемлекеттік органдар басқарушыларымен кездесу өткізіп жатқанымызды білесіздер. Бүгін жиырмасыншы өңір Астанаға келіп отырмын. Кәсіпкерлер кәсіппен айналысу барысында күнделікті жағдайда түрлі мәселелерге тап болып жатады. Оның бірі – жалған келісімшарт жасасу бойынша келіп түсетін арыздар. Қазіргі таңда кәсіпкерлер тарапынан берілген арыз саны 1200-ге жетті. Бұл – үлкен мәселе», – деді ол.

Отырыста Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев кәсіпкерлерге кәсіппен айналысуға кері әсерін тигізетін мәселелердің біріне тоқталды.

«Бүгінгі отырыста кәсіпкерлер арасындағы өзекті мәселелерді қозғап отырмыз. Соның бірі автотұрақтарды ақылы салу мәселесі. Ол туралы бұған дейін де отырыстар да өткізіп, айтқан едік. Себебі әртүрлі бизнес орталығындағы ақылы тұрақтар кәсіпке кері әсерін тигізуде», – деді ол.

Іс-шарада астаналық кәсіпкерлер өздерін толғандыратын өзекті мәселелері туралы сөз қозғады.

Отырыстан соң Рустам Жүрсінов Астана қаласының прокуроры Ерлан Өтегеновпен және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақовпен осы ведомстволар алаңында кездесетін болады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: