Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында инклюзивті спорт орталығы жайлы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының басшысы Мәулен Әшімбаевпен бірге инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүріп жатқан орында іргетасын қалау рәсіміне қатыстым. Бұл әлеуметтік маңызды нысан – бірегей жоба. Мұнда мүгедектігі бар спортшылар тек жаттығып, жарыстарға дайындалып, оңалтудан өтіп қана қоймай, өзара араласып, бір-біріне қолдау көрсете алады, - деп жазды әкім.
Инклюзивті спорт орталығында бочча, арбадағы футбол мен баскетбол, үстел теннисін, голбол, отырып ойнау волейболын, бейімделгіш пионербол және т.б. ойнауға арналған залдар жабдықталады. Сол сияқты орталықта мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған дене шынықтыру-спорттық, оңалту қызметтері көрсетілмек.