Астанада инклюзивті білім беру бойынша ресурстық орталық ашылды

4 Сәуір, 15:49 654

Елорданың Ж.Тәшенев атындағы №10 мектеп базасында инклюзивті білім беру бойынша қалалық ресурстық орталық ашылды. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мекеменің міндеті – жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне қолдау көрсету және көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту үшін тиісті жағдайлар жасау.

Қазіргі уақытта мектепте көру қабілеті бұзылған 168 оқушы, оның ішінде 28 зағип бала бар. Ресурстық орталықтың мамандары елорданың жалпы білім беретін мектептеріне консультативтік және әдістемелік көмек көрсететін болады. Тифлопедагог, логопед, психолог және дефектолог сияқты арнайы педагогтар практикалық семинарлар, көшпелі консультациялар ұйымдастырады, сондай-ақ мектеп педагогтері үшін ақпараттық материал дайындайды, - деді №10 мектеп-гимназиясының директоры Бақытжан Орынбаев.

Өткен жылы Астанада 610 нашар көретін және 27 зағип баланың ата-аналары мамандандырылған қызметке жүгінді, оның 419-ы – мектеп жасында.

Инклюзия кабинеті 5 аймаққа бөлінген: әдістемелік бөлім, демалыс аймағы, логопед, дефектолог және баспахана. Мұнда арнайы жиһаз, оқу ойыншықтары, сенсорлық интеграциясы бар жұмсақ жастықтар, Брайль жүйесі бойынша оқуға, жазуға, басып шығаруға арналған тифлотехника бар.

Бүгінгі іс-шара – маңызды, басты оқиға. Осы мектептің инклюзивті білім беруді дамыту моделі бойынша еліміздің 6 өңірінде осындай сыныптар ашылып жатыр. Мұндай орталықтарды барлық білім беру мекемелерінде ашу маңызды. Сонымен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жақын маңдағы мектептерде оқуға ыңғайлы болады, - деді «Дара» қорының өкілі Марал Шешембекова.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: