Астанада иесіз ғимараттан мәйіті табылған оқушының өлімі неден болғаны айтылды

8 Қазан, 13:18 853

Астанада иесіз ғимараттан денесі табылған 14 жастағы қыз туралы тың дерек айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

КТК арнасының мәліметінше, полиция өкілдері осыдан бір ай бұрын болған қайғылы жағдай бойынша сот-медициналық сараптама қорытындысын жария етті.

Қаңырап иесіз тұрған бұрынғы балабақша ғимаратынан 14 жасар қыздың денесін сол маңда ойнап жүрген балалар тапқан.

Марқұм Аурелияның ата-анасы сабақтан кейін серуендеуге шыққан қызының неге ескі ғимаратқа барғанын түсінбейді. Бұған дейін де төрт рет өрт болып, тағы бір ер адам көз жұмған ескі ғимарат қаңғыбастар паналайтын жерге айналғалы үш жылдай болған.

Сот-медициналық сараптамасы оның газдан уланғанын анықтады.

14 жастағы қыздың денесіне қатысты істің мән-жайын обьективті, жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлім газ қоспасымен уланудан болған. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жарияланбайды, - дейді Астана ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.

Еске салайық, қыздың құрбыралы оның газ баллонын иіскеп жүретінін айтқан еді. Сол күні де ол дүкеннен баллон сатып алған көрінеді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: