Астанада хоккейден Асқар Забикулинді еске алуға арналған турнир өтіп жатыр

3 Ақпан, 18:12 698

Астанадағы  «Тарлан» спорт кешенінде өрт сөндіруші, марқұм Асқар Забикулинді еске алуға арналған турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алғаш рет хоккейден ұйымдастырылып жатқан бәсекеде Астана қаласының 4 әуесқой клубы жиналды. 

Турнирдің ашылу салтанатына Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов қатысып, марқұм Асқар Забикулиннің құрметіне байланысты атқарылған шараларды айтып өтті.

Бүгін шайбалы хоккейден Асқар Забикулинді еске алуға арналған турнир өтіп жатыр. Қызмет барысында қаза тапқан бауырымыздың іс-әрекеті баршамызға өнеге. Оны ешкім ұмытпай, әрдайым үлгі тұтуымыз қажет. Былтыр Асқар Забикулиннің құрметіне Үркер шағын ауданында көшенің аты берілді. Батырымызға арнайы ескерткіш орнатылды. №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі Асқар Забикулиннің атымен аталады. Аспанымыз ашық болсын! Бейбітшілік болсын! Бүгінгі турнирге қатысып жатқан командаларға жеңіс тілеймін. Бір-бірімізді бағалап, сыйластықта жүре берейік, - деді Ерлан Каналимов.

Жарыс барысында BI Hockei Team, Qutqarushy, Bauerlar, Orda клубтары өзара жеңімпазды анықтайтын болады. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл Асқар Забикулинді еске алуға арналған алғашқы спорттық сайыс емес. Бұған дейін волейбол, футбол турнирлері де үнемі өтіп тұрған.

Сондай-ақ  мемлекет тарапынан 2023 жылы «Қаһарман» атты сериал да түсірілді.

Айта кетейік, 2022 жылы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин өрт сөндіру кезінде 3 адамның өмірін құтқарғанмен, алған ауыр жарақатынан 20 қараша күні ауруханада көз жұмған.

Жансая Әділбек
Бөлісу: