Астанада «Гүлдер» ансамблінің 55 жылдығына арналған гала-концерт өтеді

Бүгiн, 06:28 167

1 наурызда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Гүлдер» ансамблінің 55 жылдық мерейтойына арналған гала-концерті өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, концерт бағдарламасында арнайы әзірленген эксклюзивті аспаптық-хореографиялық қойылымдар мен жаңа хореографиялық композицияның тұсаукесері, авторлық әндер, белгілі әртістермен бірлескен дуэт және классикалық өнердің жаңа интерпретациясы ұсынылады.

Іс-шараға қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Astana musical» мемлекеттік театры, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, «Самға» тобы және «Гүлдер» ансамблі қатысады.

Еске салсақ, «Гүлдер» ансамблі 1970 жылы құрылып, 2023 жылдың 1 наурызында топтың жаңа құрамы тұсаукесер концерт берді. Ансамбль құрылғаннан бастап өнер иелері Қытай, Үндістан, Германия, Жапония, Куба, Болгария, Моңғолия, Израиль, Оңтүстік-Шығыс Азия секілді елдерге гастрольдік сапармен барып, эстрадалық-музыкалық ревю бағытында концерттік бағдарламаларды көпшілікке ұсынды.

Асқар Таудай
Бөлісу: