Астанада Гейдар Әлиев атындағы көше салтанатты түрде ашылды

10 Сәуір 2023, 21:00 1785

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент көшенің салтанатты ашылуында бұл Әзербайжан халқына көрсеткен құрметіміз деп атап өтті.

«Гейдар Әлиев секілді әлемдік деңгейдегі тұлғаның атын ұлықтау – біздің парызымыз. Астанада оның есімімен аталған жаңа көшенің ашылуы – біздің осы игі іске қосқан маңызды үлесіміз. Әзербайжан халқының ұлы перзентіне деген зор ілтипатымыз әрі шынайы құрметіміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Гейдар Әлиевтің саяси тұлғасына тоқталып, Әзербайжан мемлекетінің брендіне айналғанын айтты.

Гейдар» есімі «алдыңғы шепте жүруші» деген мағына береді. Мұның символдық мәні бар. Оны қазіргі қарқынды даму жолына түскен Әзербайжанның архитекторы десек, артық айтқандық емес. Оның салиқалы басшылығымен Әзербайжанда елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасалды. Ел қиын кезеңдерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі болды. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзербайжанның нағыз брендіне айналды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Гейдар Әлиевтің Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанына тоқталды. Сондай-ақ оның қазақтар туралы жылы пікір білдіріп қана қоймай, түп-тамырымыз бен тарихи мұрамыз ортақ екенін үнемі айтып отыратынын еске алды.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев біздің елімізге ресми сапары аясында осындай керемет тарихи сәтке куә болып отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, Гейдар Әлиевтің тәуелсіз Әзербайжан мемлекетінің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Гейдар Әлиевтің бауырлас қазақ халқына деген ықыласы мен сүйіспеншілігі ерекше болғанын айтты. Расында, солай. Мен бұған куәмін. Ол қазақтардың салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы білетін және көп ғасырлық тарихына құрметпен қарайтын. Ол қазақтар мен әзербайжан халқының бауырластығын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол түркі әлемін одан әрі біріктіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Біз бүгін түркі әлемінің бірігіп, халықаралық аренада беделді және ие қуатты ұйым құрғанына куә болып отырмыз. Бұл – Гейдар Әлиевтің де еңбегінің жемісі, - деді Әзербайжан Президенті.

EL.KZ
Бөлісу: