Астанада есірткі дилерінен 2,5 келіден астам “синтетика” тәркіленді

31 Қазан 2023, 11:31 876

Астана есірткі дилерінен 2,5 келіден астам “синтетика” тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

“Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Астана қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлері елордада “синтетика” сатуды ұйымдастырған интернет-дәріхананың басшысын ұстады.

Полицейлер әлеуметтік желіні қадағалай отырып, 24 жастағы есірткі сатушының ізіне түскен. Оның “синтетиканы” белгілер қою арқылы қала аумағына таратқаны анықталды. Тәртіп сақшыларының нәтижелі жұмысының арқасында дилерді мефедрон сатпақ болған кезде ұстауға мүмкіндік болған. Оны жеке тінту кезінде сатуға дайын 10 есірткі орамасы бар екені белгілі болды.

Одан әрі жалдамалы пәтерді рұқсат етілген тінту кезінде бөлменің әртүрлі бөліктерінен 600 пакет, изолента, электронды таразылар және есірткі заттарын орау үшін өлшеуіш қасықтар, сондай-ақ “синтетика” салынған ыдыстар мен сөмкелер табылған. Тәркіленген мефедрон есірткісінің жалпы салмағы 2,5 келіден асады, бұл бір реттік жеті мың дозаны құрайды.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жас жігіт кінәсін мойындап, полицияның уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: