Іс-шараға «Астана» футбол орталығының тәрбиеленушілері, Қазақ футболының ардагерлері, отандық футбол клубтарының жетекшілері, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев, сондай-ақ ұлттық құрама ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Ян Вороговский қатысты.
Музейді құруға атсалысқан ұжым 1913 жылы Семейде бастау алған Қазақстан футболының тарихын жаңғырту үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жәдігерлер, деректер және ақпарат жинау жұмыстарын жүргізген болатын.
Осы оқиғаға орай Қазақстан футбол федерациясына ФИФА және УЕФА-дан құттықтау хаттары келіп түсті.
Бірнеше ай бұрын мен сіздердің әдемі елдеріңізге барып, Қазақстанда футболға деген керемет құштарлық пен сүйіспеншілікті өз көзіммен көру мүмкіндігіне ие болдым. Музей елдегі футболдың 110 жылдық тарихына, істерге, тұлғаларға, сондай-ақ спортымызды дамытып жатқан барлық адамдарға құрмет көрсетуге өз үлесін қосатыны сөзсіз, - деп жазылған ФИФА президенті Джанни Инфантиноның хатында.
Сонымен бірге, УЕФА президенті Александер Чеферин де аталған шараға орай құттықтау хатын жолдаған.
Қазақстан футбол федерациясын музейдің ресми ашылуымен құттықтағым келеді. Осындай маңызды оқиғалар ұлттық қауымдастықтың дұрыс бағытта дамып, УЕФА-ға мүше қауымдастықтар арасында беделге ие болғанының дәлелі болды. Сіздердің УЕФА клубтық жарыстарына қатысуларыңыз және ұлттық құраманың жетістіктері қауымдастықтың барлық деңгейдегі прогрессін көрсетеді, ал алдағы уақытта еуропалық футболда одан әрі толық бәсекеге түсуге мүмкіндіктеріңіз бар. ҚФФ-ға табыс тілеймін, өйткені сіздер бұл дәрежеге жету үшін ұзақ жолдан өттіңіздер және қазіргі табыстарыңыз – футболмен өмір сүретін және футболды жақсы көретіндерге арналған, - деді ол өз құттықтауында.
Қазақстан футболы музейінің ашылуына орай Әділет Барменқұлов Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының (AIPS) алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ салтанатты шарада Қазақстан футбол музейінің экспонаттарын жасау мен толықтыруға зор үлес қосқандарға ҚФФ Президентінің алғыс хаты табысталды.
Айгүл Сегізбаева көрнекті футболшы, жаттықтырушы Тимур Сегізбаевтың жеке заттарын музей қорына сыйға тартты. Бұдан бөлек, спорт журналисі Әлім Ілиясұлы музей қорына көптеген әдебиет пен басқа да жәдігерлерді тапсырды. Станислав Сәрсеков өзінің жеке коллекциясынан 150-ден астам жәдігерді ұсынып отыр.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың бастамасымен ашылған музейде Қазақстан футболының тарихы, оның ішінде аты аңызға айналған ойыншылардың жетістіктері мен еліміздегі футболдың дамуындағы маңызды сәттері көрсетіледі. Сондай-ақ, музей қорына кез келген адам футболымыздың тарихына қатысты жәдігерлерді сыйға тарта алады. Жаңа музей жұмыс күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтіні айтылып отыр.