Астанада экологиялық сенбілік жалғасуда

14 Сәуір, 23:42 669

Астанада қаланы санитарлық тазалауға, абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" атты экоакция өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Оған қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және басқалар), еріктілер, оқушылар мен студенттер, МИБ (ПИК) және басқалар қатысады. 

Экоакция шеңберінде қалада: қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды тазарту, көгалдар мен гүлзарларды орнату бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген полигондарды жою жұмыстары бар.

Әрбір тұрғын елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосуда. Қала тұрғындары бүкіл кіреберістер мен аулалармен өз аулаларын таза етуге шықты. Экоакция аясында қалада 13 сәуірден бастап ауқымды іс-шаралар жалғасуда. Сенбілік кезінде қаланың үш жерінде жасырылған ақшалай сыйлықтардың иегерлері анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған.

Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Алғашқы аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.

Екінші аптаға «Киелі мекен» атауы беріліп, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмысына бағытталады.

Ал 20-27 сәуір аралығындағы «Жасыл аймақ» апталығы ағаш отырғызуға, оларды ақтауға арналады.

4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумағын тазалауға және абаттандыруға арналады.

Соңғы, бесінші аптада «Мөлдір бұлақ» деп аталатын су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Зарина Арман
Бөлісу: