Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚМА мәліметінше, тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды.
Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылды. Сонымен қатар салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 млн теңгеден асты. Сондай-ақ күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елордада премиум санатындағы құны 69,5 млн теңге тұратын пәтер сатып алып, қайыненесіне ресімдеген, - делінген мәліметте.
Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген. Дегенмен тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды.
Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлемінде шығынды өтеді.
Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және басқару»), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылды, - деп қосты агенттік.
Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.