ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, жаттықтырушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Алғысы, ҚР Президентінің Алғыс хаты және Ерен еңбегі үшін медалімен марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара барысында Ербол Мырзабосынов жиынға қатысушыларды байрақты бәсекенің сәтті аяқталуымен құттықтап, көшпенділер додасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
El.kz/Артем ЧуРСИНОВ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамытуға әркез қолдау көрсетіп, оның маңыздылығын үнемі айрықша атап өтеді. Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында «Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға, ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода, Көшпенділер олимпиадасы» деп бағалады. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арқылы көшпелі мәдениеттің бесігі қазақ жерінен басталатынын тағы бір мәрте төрткүл дүниеге паш еттік. Ата-бабамыздан мұра болып қалған төл өнерімізді дәріптеп, дамытудың жарқын үлгісін көрсеттік. Осы орайда іс-шараның өтуіне атсалысқан барлық спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алғысымды айтамын. Өздеріңіздей ұлтын сүйетін нағыз отаншыл азаматтар барда еліміздің болашағы жарқын боларына кәміл сенемін, – деді туризм және спорт министрі.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, жаттықтырушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Алғысы, ҚР Президентінің Алғыс хаты және Ерен еңбегі үшін медалімен марапаттады.
El.kz/Артем ЧуРСИНОВ
Көшпенділер ойынында дәстүрлі садақ атудан әйелдер арасындағы жарыста 4 қазақстандық бақ сынады. Соның бірі – садақ атудан Қазақстан чемпионы Ажар Төлеуқанова. Ажар садақ атуды Астанада үйреніп, Өскеменде жастарды мергендікке баулитын кәсіби мектеп ашқан. Бүгінде мерген қыз Өскеменде дәстүрлі садақ ату федерациясын ашып, 100-ге жуық талапкерге бапкер болып жүр. Бүгінгі марапаттау кешінде Ажар Рахметқызы ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болды.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында күміс жүлдеге ие болдым. Осы еңбегімізді елеп-ескеріп, марапаттап жатқандарыңызға алғыс айтамын. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Өзім 2018 жылдан бері садақ атумен айналысамын. Спортқа келмей тұрып-ақ садақ аттық. Енді елімізде бұл спорт түрінің одан сайын дамуына үлесімді қосып жатырмын, - деді күміс жүлде иегері Ажар Рахметқызы.
Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Ақылбай Манкеев спортшылардың еңбектерінің еленіп жатқанына қуанышты екенін білдірді.
Бұл әрқайсысының еңбектері. Федарация атынан бәрінің астына бір-бір көлік мінгізді. Көкпаршыларымыздың төбесі көкке жетіп жатыр. Қуаныштымыз, - деді Ақылбай Манкеев.
El.kz/Артем ЧуРСИНОВ
8-13 қыркүйек күндері елордада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысып, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
El.kz/Артем ЧуРСИНОВ
Айтулы аламанда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
El.kz/Артем ЧуРСИНОВ